Қазақстан білім берумен қамтуда жоғары көрсеткіште болғанымен, оның сапасы жағынан әлі де артта қалып отыр
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан білім берумен қамтуда жоғары көрсеткіште болғанымен, оның сапасы жағынан әлі де артта қалып отыр. Бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен БҰҰ Даму Бағдарламасының «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты ғаламдық баяндамасының аймақтық тұсаукесері барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова осылай мәлім етті.
«Қазақстан соңғы жылдары адам дамуы көрсеткішін жақсартуда біршама жетістіктерге жетті. Алайда, адам дамуында Қазақстанның позициясына тұсау болып отырған біршама проблемалар да баршылық. Мәселен, өмір сүру ұзақтығы бойынша әлемнің 194 елінде Қазақстан 152-і орында тұр және ұзақтық көрсеткіші 67 жасқа тең. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ орташа елдер үшін 67 жас дегеніңіз ең төменгі көрсеткіш. Бұдан бөлек, адами капиталдың төмендеуіне денсаулық сақтау жүйесі де, экологиялық жағдай да теріс әсер етеді», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінде жалпы адам өлімі, ана өлімінің көрсеткіші, туберкулез ауруының деңгейлік көрсеткіші сақталып отыр. «Біз туберкулез бойынша ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы орташа табысқа ие елдерде бірінші орында тұрмыз. Халықтың жас, еңбекке қабілетті санатының өлім көрсеткіші де жоғары болып отыр», - дейді М. Әбілқасымова.
Сонымен қатар, вице-министр балаларды орта біліммен қамтуда Қазақстан 144 елдің ішінде 18 орында тұрғанын, алайда білім сапалығы жағынан 144 елдің ішінде - 101, бастапқы білім беру сапасы жағынан - 72, математикалық-ғылыми білім беруде 81 орында тұрғанын атап өтті.
«Еңбек нарығында да белгілі бір проблемалар сақталуда. Оның бастысы - өнімсіз жұмыспен қамтылудың болуы, өзін өзі жұмыспен қамтушылар үлесінің жоғарылығы», - деді ол.