Қазақстан биоалуантүрлілікті қорғауда технологиялық шешімдерге көшпек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде биоалуантүрлілікті сақтау үшін озық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасанды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мониторингтеу, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация — ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды.
Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі.