Қазақстан бірқатар облыстарының аусылдан таза аймақ мәртебесін алғаны туралы ДСҰ мүшелерін хабардар етті

Қазақстан делегациясы Санитарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) комитетінің кезекті отырысына қатысты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Халықаралық эпизоотикалық бюрода (ХЭБ) Қазақстанның аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін алуы бойынша жұмыстарды өткізу туралы баяндама жасады.
2015 жылы ХЭБ-ке мүше елдердің Бас Ассамблеясының 83-сессиясында (Париж қ.) Қазақстан Республикасының 9 облысына (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары) вакцинасыз аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесі туралы Сертификат берілді.
2017 жылы мамыр айында ХЭБ-ке мүше елдер Бас Ассамблеясының 85-ші сессиясында (Париж қ.) Қазақстан Республикасының бес облысына (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары) вакцинациялау арқылы аусыл ауруынан еркін аймақ мәртебесі туралы Сертификат ресми түрде тапсырылды. Бұдан әрі осы бес облыс бойынша ауыл шаруашылық жануарларын вакцинациялаудан бас тартылған, сонымен қатар Қазақстанның вакцинациялаусыз аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін алуы жоспарлануда.
Қазақстан Республикасының ХЭБ-те жоғарыконтагиозды аурулардан таза аумақ немесе мемлекет мәртебесін алуы Қазақстанның мал шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетінің артуына және елдің ауыл шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығын жақсартуға ықпал етеді.