Қазақстан битумының сапасына күдіктенудің реті жоқ - Роман Скляр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өндірілген битумның сапасына күдіктенудің реті жоқ. Бұл туралы Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР ИДМ вице-министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барасында еліміздің батыс өңірінде жол құрылысына қатысып жүрген компаниялар Ақтаудағы битум сапасына шағымданғаны туралы айтылды.
«Жалпы елімізде жеткілікті деңгейде битум өндіріледі және оны шетелден импорттамаймыз. Битум сапасын тексеретін бізде арнайы ғылыми-зерттеу институты бар. Онда соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылғанын атап өткен жөн. Сондықтан Ақтаудағы («CaspiBitum» БК» ЖШС) битум зауыты өнімі сапасына ешқандай да шағым түскен емес. Мүмкін жол құрылысындағы кейбір мердігерлер өздерінің кемшіліктерін битум сапасына қарай бұрғысы келген шығар. Атап айтқанда, біз тұрақты жүргізген зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып, битум сапасы айтарлықтай жоғары деңгейде деп айта аламын», - деді Роман Скляр.
Бүгінгі күні Қазақстанда жол битумын шығаратын 4 негізгі зауыт жұмыс істеп тұр («CaspiBitum» БК» ЖШС, «Павлодар мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, «Газпромнефть-Битум Қазақстан» ЖШС және «Асфальтобетон 1» ЖШС).
Айта кетейік, комитеттің кеңейтілген отырысында Қарыз туралы келісімге №2 түзетулерге қатысты Қазақстан мен ХҚҚДБ арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.
Келісім-хатты ратификациялау 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында көзделген автомобиль жолдарын жаңғырту жөніндегі шығындарды тиімді басқаруға бағытталған. Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.