Қазақстан биыл Мысырға 1,5 млн. тонна астық жеткізетін болады - А. Мамытбеков
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан биыл Мысырға 1,5 млн. тонна астық жеткізетін болады.
Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде «ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азық-түлік корпорациясы» мен «Венус Интернейшнл» (Мысыр) компаниясы арасындағы қол қойылған келісім аясында 2010 жылы 1,5 млн. тонна көлеміндегі Қазақстан астығын Мысырға жеткізу қалпына келтіріледі», деді алқада А. Мамытбеков.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан астығының экспортын одан әрі жылжыту үшін жаңа экспорттық арналарды дамыту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте Қазақстан Қытай және Тынық мұхиты елдеріне астық экспорттауды бастауды жоспарлап отыр. «Қазіргі таңда астық экспорттаудың ұзақмерзімді және жүйелі шаралары қолға алынуда. Қытай аумағы арқылы Тынық мұхиты елдеріне астық транзиттеу келісілді. Сонымен қатар, Қытайдың ішкі нарығына астық жеткізу мәселесі пысықталуда», деді ол.
Сонымен қатар, Түрікменстан аумағы арқылы өтіп, Ақтау мен Иранның Горган стансысын жалғастыратын теміржол желісінің құрылысы басталғандығын айтқан А. Мамытбеков: «Бұл Иран және Кавказ елдеріне 3 млн. тоннаға дейін астық өткізуге мүмкіндік береді», деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша 1 млн. тоннадай ғана астық экспортталады.