Қазақстан бокс федерациясы AIBA-дағы текетіреске қатысты ұстанымын білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан бокс федерациясының жыл сайынғы конференциясында Тимур Құлыбаев AIBA-дағы текетіреске қатысты ұстанымын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан бокс федерациясы AIBA-дағы текетіреске қатысты ұстанымын білдірді

"AIBA-да президент пен уақытша комитет арасындағы келіспеушілік әлі де шешілмей келеді. Олар оның құзіретін тоқтатуды талап етіп отыр. Қазақстанның бокс федерациясының ұстанымы өзгермейді. Біз заң мен құқықтың үстемдігін, AIBA жарлығының орындалғанын қалаймыз. Сондықтан қазіргі келіспеушіліктер жақын арада шешіледі деп сенеміз. Шыны керек, қазіргі кезде AIBA жолайрықта тұр. Біз болсақ, аталған ұйымның заңды органдарымен жұмыс істейтін боламыз. Сот президенттің құзіретін растады", - деп атап көрсетті ҚБФ президенті Құлыбаев.

Ұйым басшысының айтуынша, Қазақстанда жас боксшыларды даярлау жұмысы ойдағыдай атқарылып келеді. Резерв те бар. Төрешілердің кәсіби біліктілігі де жоғары. Он төрешінің тоғызында AIBA-ның жоғары категориясы бар.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда Тимур Құлыбаев бокс ережелеріне бірқатар өзгерістердің енгізілгенін де жариялады.