Қазақстан бокс федерациясы Кубогының 1/2 финалында кімдер жұдырықтасады
Турнирдің VIII кезеңінде барлық ширек финалдар аяқталды. 7-9 қыркүйек аралығында А және С топтарында жекпе-жектер өтті. А тобында Алматы облысы қарағандылықтармен қызылордалық командаларды жеңіп, алға шықты.
Ал С тобы бойынша ОҚО командасы Ақмола мен Павлодар облыстарының былғары қолғап шеберлерінен үстем болды.
21-24 қыркүйекте Ақтауда өткен жарыста D тобында Маңғыстау облысының құрамасы көш бастады. Олар алматылықтар мен атыраулықтардан басым түсті.
Бұдан бөлек, В тобында 22 қыркүйекте елордада Астана мен Жамбыл облысының командалары ғана тартысқа түсті. Бұл додада Астана боксшылары қарсыластарын 6:4 есебімен ұтты. Ал Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан командалары осы маусымда Кубок турниріне қатысудан бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада Қазақстан бокс федерациясы Кубогының ширек финалында жеңіліс тапқан боксшы мен оның бапкері төрешіні сабаған болатын. Кейін, жұдырық жұмсаған бапкер мен тәлімгер спорттан шеттетілетіні анықталды. Оқиға 22 қыркүйек күні астаналық боксшы Рахат Маржықпаев пен тараздық Аман Қазанғаповтың кездесуінде болды.