Қазақстан Бокс федерациясы кубогының ширек финалдары өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орал мен Қарағанды қалаларында «В» және «D» топтарында Қазақстан Бокс федерациясы кубогы ширек финалының алғашқы кездесулері өтеді, деп хабарлады федерацияның баспасө қызметінен.
«Орал қаласында өтетін «В» тобында Астана қаласының, Жамбыл мен Батыс Қазақстан облыстарының командалары кездеседі. Ал келесі топта Қарағанды, Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының былғары қолғап шеберлері бақ сынайды. Келесі кезеңге осы топта жеңіске жеткен команда шығатын болады. Кездесу 8-10 тамыз күндері өтеді», - делінген хабарламада.
Қазақстан БФ кубогының 5-ші мерейтойлық маусымында жеңіске жеткен команда 25 млн. теңге көлеміндегі жүлдеге ие болады. Жартылай финал мен ақтық сын 14-15 желтоқсан күндері елорда төрінде ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 және 2013 жылдары бұл кубогты елорда боксшылары иеленсе, 2011 жылы Қарағанды облысының, ал 2012 жылы Маңғыстау облысының күрзі жұдырық жігіттері жеңіп алған болатын.