«Қазақстан бокс федерациясының кубогы - 2014» жеңімпаздарына 25 млн. теңге сыйақы беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан бокс федерациясының кубогы бәсекесінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты.

«Қазақстан бокс федерациясының кубогы - 2014» жеңімпаздарына 25 млн. теңге сыйақы беріледі

Кубок жеңімпаздары федерация тарапынан 25 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.

Барлық командалар рейтинг бойынша төрт топқа бөлінген. Әрбір топта басқалардан оқ бойы озық командалар мен аутсайдерлер бар. Жартылай финалдық сында «А» тобының өкілдері «С» тобының, ал «В» тобының өкілдері «D» тобының боксшыларымен кездеседі.

Жеребе тарту рәсімінен кейінгі командалар құрамы:

«А» тобы: Маңғыстау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы және Павлодар облысы;

«В» тобы: Астана, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы;

«С» тобы: Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Қызылорда облысы, Қостанай облысы;

«D» тобы: Қарағанды облысы, Алматы облысы, Атырау облысы, Солтүстік Қазақстан облысы;

Сонымен қатар, командалар тең түскен жағдайда, қосымша жекпе-жек өткізілетін салмақ дәрежелері анықталды. Егер, қарсыластар итжығыс түссе, «А» тобында +91 келі, «В» тобында 91 келі, «С» тобында 69 келі, «D» тобында 52 келіде қосымша кездесу өткізіледі.

Жартылай финалда «А» және «С» тобындағы қосымша салмақ дәрежесі - 75 келі, «В» және «D» тобындағы қосымша салмақ - 69 келі. Егер финалда да командалар тең түсіп қалатын болса, жеңімпаз құраманы 52 келі салмақтағы боксшылар анықтайды.

«А» тобындағы ширек финал Алматыда, «В» тобындағы ширек финал Ақтөбеде, «С» тобындағы бәсеке Ақмола облысында, «D» тобындағы дода Қарағанды облысында өтпек.

Ал, жартылай финал мен ақтық айқастағы жекпе-жек дәстүр бойынша Астанада 14-15 желтоқсан күндері өтеді. 2013 жылғы жеңімпаз елордалық команда болған еді.