«Қазақстан Бокс федерациясының кубогы» республикалық турнирі басталды
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорткомбинатында «Қазақстан Бокс федерациясының кубогы» республикалық турнирі бәсекесінің ашылуы өтті.
Іс-шара «Шығыс» дивизионында турнирдің ширек финалы кездесуінен басталды. Аталған топқа 4 команда кіреді. Олар: Астана қаласы, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының құрамалары. Алғашқы болып рингте Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының командалары кездесті. Содан кейін Астана қаласы мен Павлодар облысы командалары арасындағы жекпе-жек болады.
«Шараның Астанада өтіп жатқаны - біз үшін үлкен қуаныш. Қарсыластарымыз да оңай шағылатын жаңғақ емес. Жалпы алғанда, бұл жарыс жастар арасындағы бокстың дамуына үлкен үлес қоспақшы. Осы турнирден кейін жасөспірімдер бокс секциясына көптеп жазылатынына менің сенімі мол», - деп бөлісті astana.kz сайтына өз ойымен Алматы облысының Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тоқтарбек Саметов.
«Қазақстандық Бокс федерациясы кубогы» аймақтарда боксты дамыту және жас дарынды спортшыларды анықтау мақсатында Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен бекітілді. Турнир 3 жылдан бері спортшылар мен жаттықтырушылардың және жанкүйерлер арасында кеңінен танымал болып отыр.
Тоқтала кететін жайт, биыл республикалық жарыс регламенті біршама өзгертілді. Біріншіден, турнир кезеңдерінің саны үшке дейін қысқартылды.Екіншіден, былғары қолғап шеберлері шлем кимейді. Тағы да бір жаңашылдық - ширек финал айналым жүйесі бойынша өткізіледі: барлық командалар үш кездесуге қатысады. Дивизион жеңімпазы жиналған ұпай саны бойынша анықталады.
Басқа дивизиондағы ¼ матчтар:
- «Оңтүстік» - 20-24 шілде аралығында Шымкентте;
- «Батыс» - 25-29 шілде аралығында Ақтөбеде;
- «Солтүстік» - 25-29 шілде аралығында Қарағандыда өтеді.
Спортшылар 10 салмақ санатында күш сынасады : 49; 52; 56; 60; 64; 69; 75; 81; 91 келі және 100 келіден жоғары.
«Қазақстандық Бокс федерациясы кубогының» финалы 2013 жылдың соңында өтеді.