Қазақстан бокс федерациясы кубогы финалына шыққан құрамалар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан бокс федерациясы кубогы финалына шыққан құрамалар белгілі болды.
Бүгін, 13 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан бокс федерациясы кубогының жартылай финалы өтті.
Алғашқы жартылай финалда Қарағанды облысы мен Шымкент қаласының былғары қолғап шеберлері күш сынасты. Бұл жолы шымкенттік спортшылар ширақ қимылдай білді. Нәтижесінде қарсыласынан 9:6 есебімен басым түсіп, финалға берілген жолдаманы қалтаға басты.
Тағы бір жартылай финалда Маңғыстау облысы мен Астана қаласы боксшыларының жолы түйісті. Қарсыластар тартысты жекпе-жек өткізді. Маңғыстаулық боксшылар 8:7 есебімен жеңіп, енді алтын медальды сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Шымкенттік спортшылар ширек финалда А тобында 22-28 қыркүйек аралығында Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары, Алматы қалаларының боксшыларымен сынға түсіп, үздік көрінген еді.
Ал астаналық боксшылар 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында В тобында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары құрамаларын артқа қалдырды.
Енді 14 желтоқсанда бірінші және үшінші орындар үшін финалдық жекпе-жектер өтеді.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, жүлде қоры 150 000 АҚШ долларын құрайтын жоба аймақтарда боксты дамытуға бағытталған.