Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында төрт алтын медаль алды
Қазақстан боксшылары Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алды. Kazinform бұл туралы Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ерлер арасындағы құрлық біріншілігінде Бақтияр Анарбаев (60 келі), Төрехан Сабырхан (63,5 келі), Ислам Советов (71 келі) және Иван Ермоленко (92 келі) жеңімпаз атанды. Финалда тағы үш қазақстандық боксшы өнер көрсетті. Алайда олар ақтық сында сүрінді. Осылайша, Бексұлтан Боранбек (48 келі), Дәулет Төлемісов (80 келі) және Виктор Литвинов (86 келі) турнирді күміс медальмен аяқтады.
Бұған дейін жасөспірімдер арасында да жарыс өткенін айта кетейік. Жарыста Қазақстан ерлер құрамасы үш алтын медаль жеңіп алды. Алдияр Баһадүр (48 келі), Жандос Алпысбаев (75 келі) және Бексұлтан Қайратұлы (80+ келі) Азия чемпионы атанды.