Қазақстан-Британ саяси консультациясы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4-5 желтоқсанда Лондонда қазақстандық-британдық саяси консультация өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 4-5 желтоқсан аралығында екіжақты стратегиялық диалог аясындағы кезекті Қазақстан-Британ саяси консультацияларын өткізу үшін Лондонға жұмыс сапарымен барады. Сапар барысында Ұлыбританияның Еуропа мен Америка мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данканмен, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпарламенттік тобының төрағасы Боб Стюартпен, іскерлік топтар өкілдерімен, Қазақстан-Британ қоғамының мүшелерімен және Chatham House талдама орталығының басшылығымен жеке кездесулер жоспарлануда»,- деді ресми өкіл.
Сонымен қатар, оның дерегінше, сапар барысында Роман Василенко Халықаралық қатынастар бойынша еуразиялық кеңестің Қамқоршылық кеңесінің жыл сайынғы отырысына қатысады.
«Аталған кеңестің құрамына Еуропалық одақтың жоғары лауазымды өкілдері, Еуропа елдерінің бірқатар бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, ірі еуропалық компаниялардың, талдау орталықтарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Бұл іс-шараның аясында жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша дәстүрлі панельдік пікірталастар өтеді», - деді Айбек Смадияров.