Қазақстан бүгінде адам капиталын дамытуда көш бастап отырған елдердің бірі - Премьер-Министрдің орынбасары
ТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан бүгінде адам капиталын дамытуда көш бастап отырған елдердің бірі. Адам дамуының индексі көрсеткіші 2010 жылы елімізде 0,7 пайызға жетті. Бұл адам әлеуеті өте зор қарқынмен дамып отырған елдерге тән көрсеткіш.
Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздікке 20 жыл: Қазақстан Республикасындағы адам капиталын дамытудың сапасы мен болашағы» атты халықаралық конференция барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан осы көрсеткіштің арқасында әлем бойынша адам капиталын дамыту жөнінен 169 елдің арасында 66-шы орында тұр. 1990 жылдан бері 2010 жылға дейін адам дамуының индексі елімізде орташа есеппен алғанда 10 пайызға артты немесе бұл өсім жылына 0,5 пайызға көбейіп отырды. «Бұл өте жақсы жетістік. АҚШ-тың қоғамдық-саяси басылымы «Newsweak» журналының бағалауынша, Қазақстан білім деңгейі бойынша әлемде 14-ші орында тұр. Ал кіріс деңгейі орташа елдердің арасында Қазақстан көш бастап отыр. Сондай-ақ кіріс деңгейі орташадан жоғары елдердің арасында алдыңғы қатарда тұрған мемлекет Оңтүстік Корея. Кірісі жоғары мемлекеттердің арасында Жапония бірінші орында тұр»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, адам капиталын дамыту мен бұл мәселенің маңыздылығы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген. Бұл мәселе аталмыш жоспарда болашаққа салынған инвестиция ретінде қарастырылып отыр. «Бұл «Қазақстан 2020» бағдарламасының жүрегі деуге болады. Сонымен қатар адам капиталы аталмыш бағдарламада инновация мен экономиканың тиімділігін арттырудың және тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырылады»,-деді Е.Орынбаев.