Қазақстан бүкіл ойыншылармен әріптестікке дайын – Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде әлем елдерін жаһандық қауіпсіздік құндылықтарын шешімтал түрде қорғауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан бүкіл ойыншылармен әріптестікке дайын – Мемлекет басшысы

«Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы.

БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы үмітті ақтау жолында Қазақстанның барша тараптармен әріптестікке дайын екенін атап өтті.

«Біз ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға тиіспіз.

Басқаша айтқанда, біз қол қусырып, әлемнің полярлануына және бөлшектенуіне көне алмаймыз. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ.

Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын», - деді Мемлекет басшысы.