Қазақстан БҰҰ-ға мүше барлық елмен дипломатиялық қатынас орнатты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Наоэро Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатып, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнату үдерісін аяқтады, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

в
Фото: СІМ

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров пен Наоэро Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Лара Эраб Даниэль екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.

Наоэро Қазақстан дипломатиялық қатынас орнатқан әлемдегі 195-ші мемлекет атанды. Осылайша еліміз БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнатып, отандық дипломатия тарихындағы маңызды кезеңді аяқтады.

– Құжатқа қол қою БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына, оның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу, мемлекеттердің теңдігі және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген екіжақты ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады, – деп хабарлады министрлік.

Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Сауда, орнықты даму, цифрландыру және адами капиталды дамыту екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде аталды.

Сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы әріптестікті нығайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты диалог жүргізудің және Қазақстан мен Тынық мұхиты өңірі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Наоэромен дипломатиялық қатынастың орнатылуы Қазақстанның халықаралық байланыстарды кеңейту және әлем елдерімен сындарлы диалогты дамыту саясатының жалғасы саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Оңтүстік Судан дипломатиялық қатынастар орнатқан еді. 2025 жылғы 15 желтоқсанда екі елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері бірлескен коммюникеге қол қойған. Оңтүстік Судан Қазақстан дипломатиялық байланыс орнатқан 191-ші мемлекет болған.