Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне тағы да кандидатурасын ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне тағы да кандидатурасын ұсынады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне тағы да кандидатурасын ұсынады

«2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл халықаралық мойындаудың бір белгісіне айналды және де біз тек елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірін тиімді паш еттік. Кеңес жұмысына да үлес қосып келеміз. Бүгінде біз мұндай тәжірибені қайталай аламыз деп үміттенеміз. Сондықтан БҰҰ Қаіпсіздік кеңесін сайлау барысында Қазақстанның кандидатурасы қолдау табады деп үміт артамыз», - деді Қайрат Омаров елордада «Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымына 30 жыл және БҰҰ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Тұрақты даму ынтымақтастығы шеңберінің Басқарушы комитеті» тақырыбында өткен іс-шара барысында.



Ол өткен жылдың қазанында Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті өткенін оған Әзербайжан, Беларусь, Ирак, Иран, Қырғызстан, Палестина, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан Президенттері, Қатар әмірі, Вьетнам вице-президенті, ҚХР төрағасының орынбасары, министр қатысқанын атап өтті.



«Бұл бастамалардың өміршең екендігін атап өту маңызды. Бұл түрлі ұйымдарды, оның ішінде халықаралық ұйымдарды институцияландырудың арқасында орын алды. Осындай қысқа кезең ішінде біз өте көп бірлескен жұмысты атқара алдық. Сонымен қатар Қазақстан діни орталықтар мен өркениеттердің жаһандық орталығына айналды. Өткен жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі БҰҰ қолдауымен өтті», - деді ол.