Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде антиядролық бастамаларды ілгерілетуге баса мән береді - Чеботарев

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамаларын ілгерілетуге баса мән беретін болады.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде антиядролық бастамаларды ілгерілетуге  баса мән береді - Чеботарев

Мұндай пікірді танымал саясаттанушы Андрей Чеботарев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан өткен жылы Мемлекет басшысы ұсынған антиядролық бастамаларды ілгерілетуге баса мән беретін сияқты. Сирия жағдайын қоса алғанда саналуан өзекті мәселелер өте көп. Бұған қоса, Қазақстан сириялық жанжалды реттеу келіссөздері үшін Астанада алаң ұсынуға дайын екендігін білдіріп  отыр.  Ауғанстан жағдайы да бар. Оны да реттеу ісіне Қазақстан қатысуда. Жалпы, мәселе өте көп», - деді Чеботарев.

Саясаттанушы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өзінің 2017 жылға арналған басымдықтарын нақты анықтап алуы қажеттігін де баса айтты.

Естеріңізге сала кетсек, 10 қаңтарда Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарына қатысты. Нью-Йорк қаласында өткен шара аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырды.