Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сақтандыру дипломатиясын дамытуға үлес қосуға тырысады - Сәтпаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде превентивті дипломатияны дамытуға өз үлесін қосуға тырысатын болады.
Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген танымал саясаттанушы Досым Сәтпаев білдірді.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі лауазымындағы басты міндеттерінің бірі - бұл сақтандыру дипломатиясы идеясын, жанжалды жайттарды реттеу идеясын ілгерілету, сонымен қатар экстремизм және терроризммен күреске жұмылдыруға баса мән беру болуы тиіс. Әрине, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі бола отырып, ядролық қаруды таратпауға, әлемнің түрлі өңірлерінде жаңа ядросыз аймақ құруға қатысты өзінің бұған дейінгі бастамаларын көтеретін болады. Оның үстіне соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстан басшылығы бұл салада бірқатар маңызды бастаманы ұсынған да еді. Сондықтан ең алдымен Қазақстан осынау халықаралық алаңды жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке қатысы бар халықаралық конференцияларда, түрлі іс-шараларда ұсынылған өзінің барлық бастамаларын белсенді ілгерілетеді», - деді Сәтпаев.
Сонымен қатар саясаттанушы Қазақстанның өзге де тақырыптар бойынша жұмыс топтары мен комиссиялардың отырыстарына да қатысатындығын атап өтті. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстанның бірнеше ондаған жылдан бері түрлі жанжал ошағына айналған Африканың бірқатар елдеріндегі, Таяу Шығыстағы жағдаймен байланысты сарапшылар тобының отырысына қатысатындығы белгілі. Мұнан бөлек, Сирия проблемасына қатысты мәселелерді талқылауға да атсалысады. Өйткені, Қазақстан Сирия жанжалын реттеу бойынша келіссөздерді осы жылдың қаңтарында өткізуге алаң ұсыну арқылы жанама болса да араласуда.
Толықтай алғанда, Досым Сәтпаевтың пайымынша, Қазақстан өз бастамаларын ілгерілетумен қатар әлемнің басқа да өңірлеріндегі өзге де геосаяси ойыншылар белсенді әрекет етіп жатқан жанжалдарды реттеуге қатысты пікірсайыстарға араласады. Ал бұл біздің еліміздің халықаралық мәртбесін арттыруға өз септігін тигізері анық.