Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жауапкершілікке тыңғылықты дайындалуда - Ерлан Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында бірқатар маңызды оқиғалар өткізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов еліміздегі шетел диломатиялық корпусы өкілдерімен болған кездесуде айтты.

 Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жауапкершілікке тыңғылықты дайындалуда - Ерлан Ыдырысов

«Жазғы демалыстан кейін кірісіп отырған қызметтеріңізде біздің көп жақты әрі жемісті қатынастарымызды дамыта түсесіздер деп сенеміз. Біз дәстүрімізді сақтап, сіздермен тұрақты түрде кездесу өткізгіміз келеді. Алдағы уақытта маңызды оқиғалар көп болады деген үміттеміз. Ең басты оқиғамыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, осы ретте жыл бойы еліміз үшін тарихи маңызы бар датаны атап өтуге арналған», - деді министрлік басшысы.

Осы ретте  ол биылға жоспарланған елеулі шараларға елімізде тіркелген шетел дипломаттары міндетті түрде шақырылатынын атап өтті

«2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның сайлануына өте қуаныштымыз. Бұл тұрғыда сіздердің қолдауларыңызға, ынтымақтастық жұмыстарыңызға үлкен алғысымызды айтамыз», - деді министр еліміздегі шетел дипломатиялық корпусы өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.

Е. Ыдырысовтың сөзіне қарағанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өзіне жауапкершілікті алуға байыппен дайындалуды. Осы орайда мүшелік бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

«Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігімізді бейбітшілікті нығайту аясындағы бастамаларды алға жылжытуда серіктестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу үшін пайдаланамыз.  Президент Н. Назарбаев «Әлем. 21 ғасыр» манифесі бағытында үлкен жұмыс атқарды. Барлық бастамалар әлем жұртшылығына нақты әрі түсінікті түрде жеткізілді», - деді министр. 

null