«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынбақ» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынбақ» - БАҚ-қа шолу

***

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның 2017-2018 жылдары болатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілетуге арналған қабылдау өткен еді. Бұл іс-шараға еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған осы ведомствоның басшылары, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Парламенттің қос палатасының депутаттары, еліміздің өзге де министрліктері мен ведомстволарының, шетелдік дипломатиялық корпустың, БАҚ өкілдері қатысқан. Осмы ретте «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Е.Ыдырысовты аталған мәселеге байланысты әңгімеге тартқан. «Өздеріңіз білетіндей, Қауіпсіздік Кеңесі - бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін өз мойнына үлкен жауапкершілік алған басты жаһандық орган. Осыған байланысты Кеңестің құрамы ол халықаралық қоғамдастықтың пікірін барынша толықтай көрсете алатын деңгейде қалыптастырылғаны өте маңызды. Қазақстанның ойға алғаны орындалған жағдайда алғаш рет Кеңес мүшесі атанып, Азия тобында әділетті географиялық бөліністің тепе-теңдігі қамтамасыз етілетін болады», - дейді министр. Сұхбат «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынбақ» деген тақырыппен берілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Балқаш жылу электр стансасын салу, ТМД-ға мүше елдердің адамдарды мемлекетаралық іздеуге қатысты заң жобалары талқыға салынды. Осы жайт арқау болған мақала «Балқаш ЖЭС-і электр қуаты тапшылығын жоюы тиіс» деген тақырыппен берілген. «Палата Қазақстан мен Корея үкіметтері арасындағы Балқаш жылу электр стансасын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Аталған түзетулер Балқаш ЖЭС-і бірінші модулінің құрылысын бастауды қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Келісімде қолданылатын терминдерді электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша сәйкестендіру үшін де өзгерістер енгізілетіні белгілі болды», - делінген мақалада.

***

«Қазақстанның мұнай өндіре бастаған 114 жылдық тарихында құрлық бетіндегі, яғни жерүсті мұнай өндірісіне басымдық беріліп келгені анық. Бүгінде мұнайды теңізде өндіруге алғаш рет ден қойылып отыр. Бұл - жақында іске қосылған Қашаған жобасы жайлы әңгіме. Осыдан екі ай бұрын Мұнай және газ министрлігінің тізгінін өз қолына алған Ұзақбай Қарабалин ОКҚ-да алғашқы брифингін өткізіп, Астананы газбен қамтамасыз ету, Қашаған кен орнының экономикалық маңызы, жергілікті халықты жұмыспен қамту, экологиялық талаптардың сақталуы, т.б. мәселелерге баса тоқталды», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, 2014 жылы Қашағанда 8 млн тонна мұнай өндіріледі деп күтіліп отыр. Жалпы, ағымдағы жылдың 8 айында мұнай өндіру және конденсат көлемі 54 млн тоннаны құраған, бұл былтырғы жылдың тиісті деңгейінен 3 пайызға артық. Ал табиғи және ілеспелі газ өндіру 27 млрд текше метрден асып, бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен 3,3 пайыз жоғары деңгейді көрсеткен. Жалпы, 2013 жылы шамамен 82 млн тонна конденсат пен мұнай өндіріледі деп жоспарланған. Мақала «Қашаған кен орнының ел экономикасына әсері зор болмақ» деген тақырыппен берілген.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшелері арасында жемқорлар қатары қалыңдап кетіпті. Олардың саны былтырғыдан төрт есеге (!) өскен. «Айқын» газетінің жазуынша, мұны басқа емес, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес бюросының кешегі отырысында партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков мәлімдепті. Осы отырыста кезінде партияның арқасында Парламент қабырғасынан бір-ақ шыққан экс-депутат Бақыт Сыздықованың да жемқорлыққа қатысты айыпталып отырғаны әшкере болды. «Кеше бізге көзтаныс екі шенеунік партиядан шықса, басқалары партия қатарына қабылданды. Мәселен, Әділет министрі Берік Имашев пен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды», - деп жазады басылым бейсенбілік санындағы «Сыздықова саптан кетті» деген тақырыптағы мақаласында.