Қазақстан БҰҰ ҚК аясында Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның конференциясына қатысты
Шараға бірқатар халықаралық ұйымдар мен ШЫҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің құзыретті органдары мен хатшылық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, олардың арасында БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы, БҰҰ ҚК Терроризмге қарсы Атқарушы директораты, БҰҰ ҚК 1267 және 1988 санкциялық комитеттері, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы бойынша БҰҰ Аймақтық орталығы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бар.
Жиында халықаралық террористік ұйымдардан туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы тұрудағы өзекті мәселелер қаралды. Қатысушылар қазіргі әлемдегі жағдайды болжаудың тұрақсыздығы мен күрделілігін атап өтті. Олардың пікірінше, Таяу Шығыстағы антитеррорлық күштердің және лаңкестерді ығыстыру операцияларының нәтижесінде, көптеген террористер әлемнің басқа да бөліктеріне, соның ішінде Ауғанстанға көшіп жатқандығы байқалуда. Бұл ретте қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралары Ауғанстанға жақындығын ескере отырып, терроризм қаупінің Ұйым аумағына қосымша қатерлер тудыратынын алға тартады. Осыған байланысты конференцияда Интернетті лаңкестік және экстремистік мақсаттарда пайдалануға қарсы тұру, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды. Бұл ретте жедел ақпарат алмасуға қатысты ынтымақтастықты арттыру қажеттілігіне көңіл бөлініп, шекаралық бақылауды күшейту, терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында дерекқорларды өзара интеграциялау мәселесіне қолдау білдірілді.
Жиын барысында Қайрат Омаров ДАИШ және «Әл-Каида» тарапынан туындаған қауіп-қатерлерге баға беріп, аталмыш террорлық топтардың Ауғанстанның солтүстік аймақтарында күшейіп жатқандығын қаперге салды.
Конференцияға қатысушылар террорлық ұйымдарға қарсы тұруда санкциялық режимдердің негізгі ерекшіліктеріне де назар аудартып отыр. Бұл ретте сарапшылар БҰҰ-ға мүше мемлекеттер санкциялық тетіктерді терроризмге қарсы күрестің ұлттық стратегияларында қолдануы қажеттігін алға тартады. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар халықаралық қоғамдастықты жаһандық терроризмге қарсы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялық комиттерімен ыңтымақтастықты нығайтуға шақырды.