Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан алғаш рет БҰҰ рейтингінің үздік 20 елі қатарына және ең жоғары рейтингтік санатына енді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

цифровизация
Фото: Kazinform / ЖИ

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Екі жыл ішінде 8 сатыға жоғарылау БҰҰ баяндамасында көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірі ретінде аталды. Қазақстан осындай деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел болды. Бұл нәтиже Мемлекет басшысының Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудың және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың негізгі құралы ретінде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берудің тікелей нәтижесі.

Ең жоғары рейтингтік санатқа электрондық үкіметі барынша дамыған әлемнің 21 мемлекеті кіреді. Қазір Қазақстан Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір қатарда. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет бар болғаны үш ел: Қазақстан, Ирландия және Польша енді.

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді
Фото: Үкімет

Екі жыл ішінде Қазақстан 2024 жылы рейтингте өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып кетті. Ел индексі әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 болған жағдайда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті.
Екі жыл ішінде цифрлық мемлекет құрудың үлгісі ретінде танылған Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тағы да бірінші орында. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-орында, Әзербайжан 38-орында, Ресей 50-орында тұр.

Өсім негізгі бағыттардың барлығы бойынша қамтамасыз етілді. БҰҰ байланыс саласындағы айтарлықтай ілгерілеуді атап өтті: мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі бойынша Эстониямен теңесті. Азаматтар цифрлық сервистерді белсенді әрі сенімді пайдалана бастады: цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен 1,5 есе өсті, ал білім мен дағдылар деңгейі бойынша ел 42-орыннан шамамен 28-орынға көтерілді. Цифрлық үкіметтің құқықтық базасы БҰҰ тарапынан ең жоғары бағаға ие болды.

БҰҰ баяндамасында Орталық Азия 2026 жылдың басты табыс тарихтарының бірі ретінде аталды. eGov.kz және eGov Mobile экожүйесі интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде, ал alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу, стартаптар және қолданбалы жасанды интеллектіні дамыту алаңы ретінде атап өтілді.

БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан қол жеткізген жоғары деңгейіне сүйене отырып, өз позициясын одан әрі нығайтып келеді. Мұндағы жетістік жекелеген сайттардың дамуымен ғана шектелмейді, ол мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл платформаларын, цифрлық сәйкестендіруді, мобильді сервистер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын біріктіретін бірыңғай жүйенің қалыптасуымен байланысты.

Бұл нәтиженің негізінде не жатыр?

Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы тапсырманы жүйелі түрде іске асыру және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу Қазақстанның әлемдік көшбасшылар қатарынан орын алуына мүмкіндік берген шешуші факторларға айналды.

Соңғы жылдары Қазақстанда цифрлық мемлекет іс жүзінде жаңадан қалыптастырылды. Электрондық үкіметті дамыту жолындағы жұмыстарды жалғастыра отырып, биыл елде жаңа буын eGov платформасы құрылды. Жасанды интеллект дәуірінде миллиондаған пайдаланушы үшін сенімді әрі қауіп-қатерге төзімді болу үшін платформа заманауи технология негізінде толық жаңартылды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету тәсілі де өзгерді. Мемлекеттік деректер базалары өзара біріктірілді. Енді азаматтарға анықтамалар жинап, құжаттарды сканерлеп, қайта тіркеудің қажеті жоқ, жүйе қажетті мәліметтерді өздігінен табады. Қызметтердің басым бөлігі толықтай цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Ал қызметті жеке барып алғанды жөн көретін азаматтар үшін жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары – AI-ЦОН-дар ашылуда. Бизнес үшін де жеке цифрлық орта қалыптасты: eGov Business кәсіпкерлерге дәстүрлі қағаз құжат айналымынан бас тартуға мүмкіндік береді.

Алайда Қазақстанды шын мәнінде цифрлық елге айналдыру үшін технологиялардың өзі жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет адам капиталы мен инфрақұрылымды дамытуға, азаматтардың цифрлық дағдыларын арттыруға, әр өңірде қолжетімді әрі сапалы интернет пен мобильді байланысты қамтамасыз етуге қатар инвестиция салды. БҰҰ баяндамасында ең елеулі өсім дәл осы бағыттар бойынша тіркелген.

Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, ал азаматтардың басым бөлігі үшін мемлекет смартфонда. eGov.kz порталында 16,4 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. Тек 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында eGov арқылы 51 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Оның үштен екісіне жуығын азаматтар смартфон арқылы алды.

Сонымен қатар елде жаңа цифрлық экономиканың құқықтық негізі қалыптастырылды. Азаматтардың цифрлық құқықтарын алғаш рет кешенді түрде бекіткен Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді. Технологиялық база да дамып келеді: alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, ал қазақстандық суперкомпьютер TOP500 рейтингі бойынша әлемдегі ең қуатты жүз есептеу жүйесінің қатарына енді.

– Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес, ол ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесіне айналды. Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Нәтижеге жекелеген жобалар емес, жүйелі жұмыс арқылы қол жеткізілді. Өйткені БҰҰ жекелеген сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды. Жасанды интеллектке басымдық беру өз тиімділігін көрсетті: ол бюрократиялық процестерді өз мойнына алып, адамдарға стратегиялық және шығармашылық міндеттерге уақыт бөлуге мүмкіндік береді. БҰҰ баяндамасында Орталық Азияның Қазақстанның арқасында алғаш рет көшбасшылар тобына енгені атап өтілді. Алдымызда тұрған келесі міндет – азамат өзі сұраныс білдірмей тұрып-ақ қажетті қызметтерді ұсынатын мемлекет қалыптастыру, – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Бұл нәтиже Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы арқылы бекітілген жүйелі мемлекеттік саясаттың жемісі болды.

Анықтама:

UN E-Government Survey – БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті екі жылда бір рет жариялайтын баяндама. Рейтинг БҰҰ-ға мүше 193 мемлекетті қамтиды және онлайн қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалайды. Елдер төрт топқа және 16 рейтингтік санатқа бөлінеді. Ең жоғары VH санатына электрондық үкіметі барынша дамыған мемлекеттер кіреді.