Қазақстан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына бейілділігін растады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 11-ші конференциясына қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Екі жылда бір рет өткізілетін конференция биыл Доха қаласында 170 мемлекеттен 2 500-ден астам қатысушыны жинады. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, халықаралық және өңірлік ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері болды.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің, сондай-ақ Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кірді.
— Жалпы пікірталастарда делегация басшысы — ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі директорының орынбасары Данияр Ақжанов — Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясының мақсаттары мен қағидаттарына берік бейілділігін растап өтті. Қазақстан заңдарын және құқық қолдану тәжірибесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмысқа Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен басқа да халықаралық серіктестер белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді, — делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ағымдағы институционалдық өзгерістер туралы ақпарат ұсынылып, бұрын қабылданған барлық халықаралық және ведомствоаралық міндеттемелердің сақталатыны аталып өтті.
Баяндамада құқықбұзушылықтардың алдын алуға, ашықтықты арттыруға және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдарды енгізуге ерекше назар аударылды.
Қазақстандық делегация халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, озық тәжірибелермен алмасуға және ведомствоаралық әрі мемлекетаралық деңгейлерде бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес тек тұрақты диалог, серіктестік және инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы мүмкін екенін атап өтті.
Конференция аясында шет мемлекеттердің делегацияларымен бірқатар екіжақты кездесулер де өтті. Келіссөздер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланып, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру саласындағы тәжірибе, үздік практикалар мен сараптамалық әзірлемелер алмасу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Бұдан бұрын Қазақстан мен Қатар еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастықты растаған еді.