Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында басымдықтарды дәріптеуге атсалысты - Президент
«Адамзат жылнамасындағы ең жойқын Дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың маусым айында мүлдем жаңа Ұйымның құрылуы – баршамыз үшін айтулы әрі тарихи оқиға. Даг Хаммаршельдтің Біріккен Ұлттар Ұйымы «бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған» деген қанатты сөзі баршаға аян. Бастапқыда БҰҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктірді. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Осы орайда Мемлекет басшысы бұл жол жеңіл болмағанын еске салды.
«Өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Дегенмен, сәтсіздіктен де, жетістіктен де сабақ алған жөн. БҰҰ-ның терең тарихы белсенді ұжымдық күш-жігердің арқасында кең ауқымды мәселелерді талқыға салу кезеңі болды. Атап айтқанда, отарсызданудан өсіп-өркендеуге, балаларды қорғаудан климаттың өзгеруіне, денсаулық сақтау ісінен адам құқығына, бейбітшілікті қолдаудан бітімгершілікке дейінгі тақырыптар қамтылды. Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ал, енді бүгінгі заманның сипатына зер салсақ, көптеген жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ қайта етек алған кейбір тәуекелдер бізді өткен кезеңге оралтуы мүмкін екенін байқаймыз. Қазіргі таңда мультилатерализм зор қатерге тап болды. Мұндай ахуал қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері туындамаған еді», - деді ҚР Президенті.