17:57, 19 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қазақстан БҰҰ-ның жыныстық зорлық-зомбылықты жою туралы құжатына қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ-ның жыныстық зорлық-зомбылықты жою жөніндегі міндеттемесі туралы құжатына қосылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Құжатқа БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде жыныстық қанаушылық пен зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жоғары деңгейдегі кездесуі аясында қол қойды.
Бұл құжат зорлық құрбандарына көмек көрсетуді, БҰҰ миссияларына жіберілетін қызметкерлерді іріктеу мен оқытудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуді, жыныстық эксплуатация және зорлық-зомбылық әрекеттерін жасайтын адамдарға қарсы шаралар қабылдауды қамтиды.
Кездесу барысында БҰҰ жетекшілері мен делегациялар басшылары бітімгершілік операцияларында зорлық-зомбылық жағдайларына жауап қайтарудың тиімді тетіктерін құрудың маңыздылығын атап өтті.