Қазақстан БҰҰ сессиясында зорлық-зомбылықтың алдын алу тәжірибесін таныстырды
АСТАНА.KAZINFORM - Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 62-сессиясында Қазақстан әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытындағы тәжірибесін таныстырды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Бұл халықаралық жиынға қатысу еліміздің адам құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы ұстанымын айқындай түсті.
Тақырыптық сессия барысында Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдер мен балаларды қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан кешенді шараларды таныстырды.
Жиында институционалдық және заңнамалық реформалар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылы Орталық Азияда алғаш рет ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандандырылған бөлімшесі құрылды. Сондай-ақ сталкинг пен қыз алып қашқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңнамалық өзгерістер таныстырылды.
Отбасыларды қолдау жүйесін дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Сонымен қатар орталықтардың негізгі міндеттерінің бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру. Бұдан бөлек, 2026 жылғы сәуірден бастап Алматы қаласында іске асырылып жатқан «Агрессорлармен жұмыс жөніндегі интервенциялық орталық» қанатқақты жобасы таныстырылды.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің алаңында ұсынылған тәжірибе Қазақстанның заңнаманы жетілдіру, зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін дамыту және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бағытындағы жүйелі жұмысын айғақтады.