Қазақстан былтыр 67 елге $5,6 млрд ауылшаруашылық өнімін экспорттады
«Былтыр ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне экспорттық шектеу қойылды. Дегенмен ол біздің дамуымызға кері әсер еткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттаудан түскен пайда 5,6 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 46% көп. Атап айтқанда, шетелдік нарықтарға бидайды шығару – 34,7%, майлы дақылдарды жөнелту 66% артты», - деп мәлім етті Ербол Қарашөкеев.
Ведомство басшысының сөзіне сай, бұл ретте экспортқа дайын өнімдер көп шығарылған. Бүгінде Қазақстан әлемнің 67 елінің нарығына 531 ауыл шаруашылығы өнімін шығарады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті.