Қазақстан бюджетінен 2,8 мың шетел азаматы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында қанша адамның, оның ішінде шетел азаматтарының атаулы әлеуметтік көмек алғаны туралы мәлім етті. 

атаулы әлеуметтік көмек, асп
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«2023 жылдың қорытындысы бойынша 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам) атаулы әлеуметтік көмек алушы болды. Оның ішінде 223 қандас отбасы (725 адам), 1,7 мың шетелдік отбасы (2,8 мың адам) және азаматтығы жоқ 278 отбасы (406 адам) бар», - деп жазылған министрлік жауабында.

атаулы әлеуметтік көмек
Фото: Kazinform

Редакция сауалында 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Қазақстанға бой тасалаған ресейліктердің қаншасына бюджеттен әлеуметтік көмек көрсетілетіні сұралған болатын. Министрлік әлеуметтік төлем алушылардың статистикасын жүргізу тәртібін алға тартып, нақты жауап бермеді.

«Ақпараттық жүйе шетелдіктерді ұлттар бойынша көрсетпейді. Осыған байланысты, АӘК алған ресейліктердің санын, сондай-ақ олардың төлемдерін нақтылау мүмкін емес», - деп жазылған жауапта.