Қазақстан бюджеттің ашықтығы бойынша әлемдік рейтингте жоғары көтерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Бюджеттің ашықтығы жөнінен әлемдік зерттеуде 100 ұпайдан 53 ұпай жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зерттеу жұмыстарын Халықаралық бюджет серіктестігі 109 көрсеткіш бойынша әлемнің 115 мемлекетінде жүргізген.
Қазақстан бойынша зерттеу жүргізген «САНДЖ» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова Қазақстанның соңғы екі жылда бюджеттік ақпаратқа қолжетімділікті жақсартқанын атап өтті. 2015 жылы аталған рейтинг бойынша Қазақстан 51 ұпайға ие болса, 2017 жылы - 53 ұпай жинаған.
«Жалпы әлемдік деректерге сүйенсек, бюджеттің ашықтық индексі өсіп келеді. Биыл рейтинг нәтижесі бойынша іргелес көршілеріміз Ресей - 72 ұпай, Түркия - 58, Қырғызстан - 55 және Грузия - 82 ұпай жинап отыр. Қазақстан 53 ұпаймен Гондурас және Непал елдерінің арасында тұр», - деді Жанар Жандосова Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
2017 жылы Қазақстанның Бюджет жобасының толықтығы бойынша көрсеткіші - 52 ұпайға, ішкі жылдық есеп - 89 ұпайға, жылдың есеп көрсеткіші - 64 ұпайға дейін артқан. Жарты жылдық есеп көрсеткіші бойынша Қазақстан 37 ұпаймен бағаланса, азаматтық бюджет (елде жүргізілмейді) және әлеуметтік-экономикалық даму болжамы (ақпарат тым кеш жарияланған) бойынша мүлдем ұпай алмаған.
Бюджеттік процесстерге қоғамның қатысуы рейтингінде Қазақстан 100 ұпайдың 13-іне ғана ие болды. Бюджет шығыстарын заңнамалық билік тарапынан қадағалау бойынша - 63 ұпай жинады.
Қазақстан посткеңестік елдер арасында Қырғызстаннан (55 ұпай), Ресейден (72 ұпай), Украина (54 ұпай) және Грузиядан (82 ұпай) төмен тұр.
Бюджет туралы толыққанды ақпарат берген Жаңа Зеландия (89 ұпай), Оңтүстік Африка (89), Швеция (87), Норвегия (85), Грузия (82) елдері рейтингте алғашқы бестікті құрады. Ал жеткілікті ақпарат бермейтін Йемен, Катар, Лесото, Венесуэла, Нигерия соңғы қатардан көрінді.





