Қазақстан-Чехия ынтымақтастығының әлеуеті зор – Чехия Сыртқы істер министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде қарастырады. Экономикалық және сауда қатынастары екі ел арасындағы серіктестіктің маңызды бөлігі саналады. Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Липавский агенттікке берген эксклюзивті сұхбатында екі ел арасында іске асыруға болатын әлеуетті жобалар туралы ой бөлісті.

- Өткен жылы Қазақстан мен Чехия дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтті. Салыстырмалы түрде осынау қысқа тарихи кезеңде екі ел арасындағы қарым-қатынаста қандай маңызды оқиғалар болды? Астана мен Прага арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағын не күтіп тұр?
- Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде қарастырады. Өткен жыл біздің екіжақты байланыстарымыз үшін айрықша жемісті болды. Бұл жайт қарым-қатынастарымызға елеулі өзгерістер әкелді. Атап айтқанда, біз қорғаныс өнеркәсібінде ынтымақтасамыз, бұл қазіргі жағдайда ерекше маңызды. Чехия L-39NG және L-410 сияқты жаңа буын ұшақтарын ұсына алады. Сонымен қатар, Қазақстанның SCAT әуе компаниясы 2024 жылдың мамырында Астана мен Прага арасында тікелей рейстерді ашты. Škoda Auto Қазақстанда автокөліктерді құрастыру және сатуды бастады. Ал Dibaq жергілікті нарыққа үй жануарлары мен жылқылар үшін Fitmin жемін экспорттайды. Бұған қоса, Staropramen сырасы нарыққа сәтті шықты. Болашақта мен киберқауіпсіздік, озық материалдар, нанотехнология және аэроғарыштық инженериясы сияқты салаларда үлкен әлеуетті көремін.
- Күн тәртібіндегі экономикалық және сауда-саттық мәселелер Қазақстан мен Чехия арасындағы екіжақты қатынастардың ортақ элементі саналады. Соңғы 20 жылда екіжақты сауда 1999 жылғы 60 миллион доллардан 2022 жылы 1 миллиард доллардан астамға өсті. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты күшейту үшін қандай қадамдар жасап жатыр?
- Шындығында да экономикалық және сауда қатынастары серіктестігіміздің маңызды бөлігі саналады. Сауданың тұрақты өсіп келе жатқанына қуаныштымын және бұл үрдіс жалғасады деп үміттенемін. Дегенмен, іске асыруға болатын айтарлықтай әлеует әлі де бар. Ынтымақтастықтың көп үміт күттіретін бағыттары - энергетика, инженерия, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация және басқалары. Біз АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар), жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, жаңартылатын энергия көздері және медициналық құрылғылар сияқты жаңа технологиялардың дамуын зерттей аламыз.
- Қазақстан мен Чехия энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және мұнай химиясы сияқты салаларда табысты ынтымақтастықты жолға қойып отыр. Екіжақты қарым-қатынаста жасыл экономика және қоршаған ортаның ластану салдары мен жаһандық жылынуды жұмсарту да маңызды. Болашаққа көз жүгіртсек, екіжақты ынтымақтастықтың қай салалары ең перспективалы деп ойлайсыз?
- Біздің ынтымақтастығымыз тек экономикалық мәселелер аясынан да асып түсетінін атап өткім келеді. Мәселен, биыл Астанада Оңтүстік Чехия университетінің қатысуымен чех-қазақ аквамәдениет және тұқы балығын өсіру ғылыми орталығы ашылды. Бұл ынтымақтастық бес жыл бойы жалғасып келеді және тұщы су аквамәдениетін дамыту және әртараптандыру бойынша қолданбалы зерттеулерге бағытталған. Сапарым барысында мен Қазақстан ғалымдарына әлемдегі ең қуатты лазерлердің бірі орналасқан, ELI Beamlines лазерін зерделеу жөніндегі чехиялық ірі зерттеу орталығының жұмысына қатысуды ұсынғым келеді. Орталық өз инфрақұрылымы аясында Қазақстанның зерттеушілермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
- Прага хайуанаттар бағы мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бастамашы болған тамаша жобаның арқасында биыл жазда Пржевальск жылқылары қазақ даласына, тарихи тіршілік ортасына оралды. Жоба Чехия Премьер-Министрі Петр Фиаланың 2023 жылы Астанаға сапары кезінде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумның арқасында тың серпін алды. Қазақстанның биоалуантүрлілігі үшін бұл жетістік нені білдіреді? Таяу жылдары «жабайы жылқыларды қайтару» жобасы аясында тағы не істелінеді?
- Пржевальск жылқыларының биылғы жазда қазақ даласына қайтарылуы - Прага хайуанаттар бағы мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бастамашы болған тамаша жобаның арқасындағы зор жетістік. Бұл жоба Чехия Премьер-Министрі Петр Фиаланың 2023 жылы Астанаға сапары кезінде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумның арқасында жаңа серпін алды. Прага хайуанаттар бағы Пржевальск жылқысын өсірудің жетекші кәсіпорны саналады және Қазақстан оларды қайта жерсіндіруге қызығушылық танытты. 2024 жылдың маусым айында Прага хайуанаттар бағы Чехияның қолдауымен алғашқы жеті жылқыны Қазақстандағы «Алтын далаға» тасымалдады, әрі қарай да тасымалдау алдағы жылдарға жоспарланған. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға кем дегенде 40 жылқы әкелу, мұны мен айтарлықтай жетістік деп санаймын. Жүзедеген мың чех бұл жоба жайныда біледі және оны белсенді түрде қолдайды. Сондықтан меніңше, бұл мұнан ары даму үшін мығым негіз.
- Жүздеген қазақстандық студент әлемдік рейтингтердегі жоғары орынын ескере отырып, жергілікті университеттерде бакалавр, магистр және докторантурада білім алу үшін Чехияны таңдайтыны жасырын емес. АҚШ, Ұлыбритания және Корея Республикасының халықаралық университеттері Қазақстанда өз филиалдарын немесе кампустарын ашып жатыр. Чехияның бұл бағытта жоспары бар ма? Егер болса, қандай университеттер Қазақстанда халықаралық деңгейде танылған бағдарламаларын ұсынуы мүмкін?
- Біз қазақстандық студенттердің Чехияда білім алуға деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және оларды үкіметтің «Студент» («Student») бастамасы арқылы құжат тапсыруға шақырамыз. Чех университеттері автономды түрде жұмыс істейді, ал шетелдерде филиалдар немесе кампустар ашу шешімін олар дербес қабылдайды. Біз қазақстандық студенттердің Чехияда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз, сонымен қатар чех университеттерінің өз бағдарламаларын халықаралық деңгейде кеңейту бойынша кез келген бастамаларын қолдаймыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанға Чехиядан керқұландар жеткізілетінін хабарлаған едік. Сондай-ақ «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына құландарды жерсіндіру жұмыстары сәтті өткенін жазған болатынбыз.