Қазақстан Чехиядан асыл тұқымды мал тасымалдамақ
Чехияның Астанадағы елшілігінің өкілдері әңгіме малдың Simmental, Angus және Holstein сияқты түрлерін жеткізуге қатысты болып отырғандығын айтады.
Қазақстандық мал шаруашылығы мамандары екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жобасы аясында Чехия Республикасына барды. Делегация өкілдері мүйізді ірі қараны экспорттаумен айналысатын 5 компания өкілдерімен кездесіп, Чехияның ауыл шаруашылығы министрлігі мен осы елдің экспорт банкінде болды. Сондай-ақ олар малшылар одағына барып, 6 ірі ферма мен 2 тұқым станциясының жұмысымен танысты.
Осы сапар барысында Қазақстанға етті және сүтті мал жеткізуді көздейтін бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Чехия фермалары мен ғылыми-зерттеу институттары Қазақстанмен ынтымақтастықта еңбек етуге мүдделі. Бұл бағытта олар тек Қазақстанға мүйізді ірі қараны жеткізуге ғана емес, қазақстандық тұқымдарға да қызығушылық танытып отыр.
Малды асылдандыру елде мүйізді ірі қараның сапасы мен экономикалық тиімділігін дамытудың маңызды құралдарының бірі саналады.
Чехияда бұл жүйе осыдан 50 жыл бұрын енгізілген және осы салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Мысалы Чехиядағы сиырдан сауылған сүт деңгейі ЕО көлеміндегі үздік көрсеткіштердің біріне ие.