Қазақстан чемпионатында «Ақжайық» «Каспийді» 2:0 есебімен жеңді
Турнир кестесінде ақтаулықтар 22 ұпаймен жетінші сатыда тұрса, оралдықтардың жағдайы мәз емес-ті. Небәрі 12 ұпай жинаған «Ақжайық» 13-орында, яғни көш соңында еді.
Чемпионат барысындағы үзілісте Қазақстан кубогы ойындарын «Ақжайық» біршама сәтті өткізіп, ширек финалға жолдама алды. Команда тізгінін молдовалық маман Игорь Пикущак ұстап, бірқатар жаңа ойыншылар қосылды. Соның ішінде белоруссиялық Родион Сямук алғаш рет қақпаға тұрды.
Бірінші таймда алаң иелері «Каспий» қақпасына көбірек қауіп төндіргенімен, есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде 74-минутта «Ақжайық» сапындағы грузиялық шабуылшы Тома Табатадзеден пас алған, ойынға тыңнан қосылған армениялық Завен Бадоянның қайшылай тепкен добы қақпадан бір шықты – 1:0. Арада екі минут өткенде, тағы да Т. Табатадзенің пасынан кейін оралдықтар құрамына бүгін алынған армениялық жартылай қорғаушы Петрос Аветисян есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша, ел біріншілігінде көптен бері жеңіс дәмін сезінбеген «Ақжайық» ұпай қорын толықтырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, бүгін футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің 13-туры басталатыны хабарланды.
Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ