Қазақстан чемпионы атанған «Қайрат» мемлекеттен қанша қаражат алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының «Қайрат» футбол клубы күні кеше футболдан Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанды. Осы орайда Kazinform тілшісі Алматы қаласының Спорт басқармасына сауал жолдап, ел чемпионы атанған клубқа биыл қанша қаражат берілгенін анықтады.
Қалалық спорт басқармасы өз жауабында «Қайрат» футбол клубы толықтай жеке меншік иелігінде екенін және басқармаға қарасты емес екенін хабарлады. Сондай-ақ басқарма жеке клубтарды кәсіби спорт түрлері бойынша тікелей қаржыландырмайтынын мәлімдеді.
Ведомство жауабына сәйкес, кәсіби клубтардың қызметтерін сатып алу бәсекелестік ортада, мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады және оған барлық әлеуетті қызмет көрсетуші қатыса алады.
Биыл ашық конкурсқа қатысу арқылы «Қайрат» футбол клубы 750 миллион теңге қаражат алған.
– Басқарма мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс арқылы «Әртүрлі жас санаттарындағы жасөспірім командаларды ұйымдастыру және олардың Қазақстан Республикасы біріншілігіне қатысуын қамтамасыз ету қызметтері» атты қызметтерге 750 млн теңге көлемінде ашық конкурс жариялады. Конкурс нәтижесінде жеңімпаз болып «Қайрат» ФК ЖШС анықталды, - делінген басқарма жауабында.
Айта кеткен жөн, 1994 жылы құрылған Алматы футбол федерациясының құрамында бүгінгі күні Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Қайрат» футбол клубы, І лигадағы «Қайрат-Жастар», «Хан Тенгри», 2 лигадағы «АҚАС», «Жас Қыран», «ҚазАСТ» клубтары бар.
Сонымен қатар Алматы спорт басқармасының мәліметіне сәйкес, мегаполисте шағын футболдан түрлі лигалар жұмыс істейді және барлығы 90 мыңнан астам алматылық футбол клубтарында, командаларда, секцияларда ойнап, түрлі турнирлер мен жарыстарға қатысады. Шағын футбол лигалары: 6Х6 «Беделді футбол лигасы» – 84 команда, «Футбол әуесқойлары лигасы» – 78 команда, Түнгі лига форматы 8Х8 – 16 команда, әйелдер лигасы – 8 команда, футзал лигасы – 10 команда.
– Қала бойынша футболды, оның ішінде балалар футболын дамыту аясында 5-18 жас аралалығындағы балаларға арналған «Балалар футбол лигасы» атты жоба 2022 жылдан бері үздіксіз іске асырылып келеді. Осы жылы аталған жобаға 5-18 жас аралығындағы 330 команда немесе 5 200 бала тіркелді. Алматыдағы бұқаралық спортты дамыту бойынша мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды орындайтын «Damu Bala» платформасы жұмыс істейді. Аталаған платформаға биыл 7,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 79 футбол секциясында 170 жаттықтырушы 3660 баланы футболға баулып келеді, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» – футболдан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы атанғанын жазғанбыз.