Қазақстан Черногорияға рейстер санын арттыруды көздеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Черногория арасындағы әуе қатынасын кеңейту, рейстер жиілігін арттыру және жаңа әуе тасымалдаушыларын тарту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Монреальда өткен ИКАО конференциясы аясындағы екі елдің авиация өкілдерінің кездесуінде айтылды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті.
Монреаль қаласында өтіп жатқан ИКАО-ның 7-ші Дүниежүзілік әуе көлігі конференциясы аясында ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Черногорияның Азаматтық авиация агенттігінің директоры Иван Шчекич кездесті.
— Тараптар азаматтық авиация саласындағы Қазақстан мен Черногория арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту және авиациялық билік орындарының өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы Черногориямен әуе қатынасын одан әрі дамытуға, рейстер жиілігін арттыру мен қосымша әуе тасымалдаушыларды тартуды қоса алғанда, әуе қатынасын кеңейтуге мүдделілік танытты, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Air Astana әуе компаниясы жазғы кезеңде Алматы — Подгорица және Астана — Подгорица бағыттары бойынша рейстер орындайды.
Салтанат Томпиева еліміздің 17 әуежайында қолданыстағы «ашық аспан» режимі туралы баяндады. Бұл режим рейстер саны бойынша шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына әуе кеңістігі еркіндігінің бесінші дәрежесін беруді көздейді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы өзара іс-қимылды қолдауға және екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту перспективаларын зерделеуге өзара мүдделіліктерін растады.
Айта кетейік, Қазақстанда тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды.