Қазақстан даму банкі өзі құрылған уақыттан бері жалпы құны 13,8 млрд. АҚШ доллары тұратын 181 жобаны мақұлдады

аусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан даму банкі өзі құрылған уақыттан бері жалпы құны 13,8 миллиард АҚШ доллары тұратын 181 жобаны мақұлдаған.

Қазақстан даму банкі өзі құрылған уақыттан бері жалпы құны 13,8 млрд. АҚШ доллары тұратын 181 жобаны мақұлдады

Аталмыш жобаларды жүзеге асыру үшін банк 4,1 миллиард доллар шамасында несие беру жөнінде шешім қабылдаған. Аталмыш жобалардың 83-і осы уақыттың өзінде іске қосылып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры таратқан мәліметтер бойынша, іске қосылған жобалар экономикамыздың металлургия, энергетика, тоқыма өнеркәсібі, машина құрылысы, көлік және байланыс сияқты өзге де бірқатар маңызды секторларды қамтиды. Тек соңғы 3 жылдың ішінде іске қосылған кәсіпорындар 1,9 миллиард долларға жуық өнім өндірген. Сондай-ақ 314 миллион доллардың тауарын экспорттап, бюджетке 112 миллион доллар салық төлеген.

Жаңадан ашылған кәсіпорындардың жұмысшылардан жоғары біліктілік пен арнайы білімді қажет ететіндігін ескерсек, банк тарапынан атқарылып отырған шаралар Қазақстандағы еңбек ресурстарының біліктілік деңгейін арттыруға ықпал етеді деп топшылауға болады.

Сондай-ақ банк стратегиялық маңызы бар жаңа кәсіпорындар мен ескі өндіріс орындарын жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыруды да жалғастыра бермек. Банк үкіметтің қаулысымен бекітілген 29 стратегиялық жобаның 15-ін іске асырады. Бұл жобалар келешекте Еліміздің өндіріс секторының негізін қалайды және аймақтардың экономикасын көтерумен қатар, ондағы әлеуметтік мәселелерді де шешуге ықпал етеді.