15:57, 17 Ақпан 2016 | GMT +5
Қазақстан Даму Банкінің кредиттік портфелі былтыр 20 пайызға артты - Б. Жәмішев
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстан Даму Банкінің кредиттік портфелі 20 пайызға артты. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Болат Жәмішев мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, былтырғы жыл қорытындысы бойынша барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілді. «Атап айтқанда, кредиттік портфель мөлшері жоспарланған 943 миллиард теңгеден асып, 1,5 триллион теңгені құрады. Теңге бағамының әсерін есептемегенде, өсімнің нақты көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда 20 пайызды құрады», - деді Б.Жәмішев.
Оның айтуынша, банктің активіндегі кредиттік портфелі 62 пайыздан 68 пайызға артқан. «Бұндай нәтижеге негізінен былтырғы жылы 42 жобаны жалпы сомасы 280 млрд теңгеге қаржыландыру туралы шешімнің арқасында қол жеткізілді. 2014 жылы 226 млрд теңгені құрайтын 14 жоба ғана қаржыландырылған болатын. Бұдан бөлек, былтыр банк 50 миллион долларды құрайтын кепілдемелерді де шығарды», - деді Төраға.