Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына мерзімнен бұрын қосыла алады - Манкеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына белгіленген мерзімнен бұрын қосылуға барлық мүмкіндіктер бар. «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына мерзімнен бұрын қосыла алады - Манкеев

«Президенттің Жолдауымен танысып шықтық, осы орайда оны талқылау бойынша арнайы жиын өткіздік. Атап айтқанда, «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі айқын көрініп тұр. Еліміз әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс екендігі қадап айтылған. Жолдауда әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты мәселелер қамтылды. Биылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 20 пайызға өсетіні, сондай-ақ бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі де 20 пайызға артатындығы ескеріліп отыр. Осының барлығы қомақты қаржыны қажет етеді. Бұл тұрғыда нақты мақсаттар жүктеліп отырғандықтан, оларды Үкімет жоспар бойынша іске асырады деген ойдамын»,-деп тоқталды ол.

М. Манкеевтің пайымынша, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделі арқылы жаңа өндірістерді дамытуға, әлеуметтік саладағы тың міндеттерді орындауға жол ашылады.

«Біздіңше, Мемлекет басшысының қойып отырған мақсаттары қарқынды түрде жүзеге асыруды қажет етеді. Бұл ретте 2050 жылы 30 дамыған елдің қатарына кіруге барлық мүмкіндіктеріміз бар. Мұнымен қоса, бұл міндеттерді уақытынан бұрын орындай аламыз деген тұжырым бар және біз оған қосыламыз. Жалпы, біздің алдымызда тұрған елдер үнемі даму мақсаттарын орындауға тырысатыны анық, сондықтан Қазақстан халқының күш-жігері әлдеқайда белсендірек болуы тиіс. Еліміздің азаматтары күнделікті өмірінде, жұмысында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға күш-жігерін бірлесе жұмсауы керек»,-деп түйіндеді сөзін жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы.