Қазақстан-Дания матчында Бублик ойламаған жерден жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан мен Дания құрамалары арасында Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобының матчтары басталды, деп хабарлайды Sports.kz.

Жекелей сында кортқа бірінші болып Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ші ракеткасы Александр Бублик пен ATP рейтингінде 247-ші орында тұрған Эльмер Миллер шықты.
Бірінші сетте 6:1 есебімен Бублик қара үзіп кеткенімен екінші партияда дат спортшысы 6:2 нәтижесімен оқ бойы озып шықты.
Үшінші сетте де Меллердің бағы жанды, есеп — 6:2.
Осылайша Дания Қазақстанмен текетіресте 1:0 болып басымдық танытты.
Келесі ойын кезегі Александр Шевченко мен Август Хольмгренде деп жоспарланған.
Дэвис кубогының іріктеу матчтары үш сеттік форматта төрт жеке және бір жұптық кездесуден тұрады.
Оның жеңімпазы 2025 жылдың ақпанында өтетін командалық әлем чемпионатына жолдама алады.