Қазақстан дәрі-дәрмекті елден шығаруға тыйым салмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталындаа Қазақстаннан тысқару әкетуге тыйым салынатын дәрілердің санаты белгіленген бұйрықтың жобасы талқылауға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дәрі-дәрмекті елден шығаруға тыйым салмақ

Бұйрықтың жобасы бойынша, Қазақстан аумағынан кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларды, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтауыштарды әкетуге 6 ай көлемінде тыйым салу ұсынылған.

Дегенмен, дәрі-дәрмектің бірнеше санатына бұл құжаттың талабы жүрмейтіні айтылған. Олар:

- Қазақстанның аумағы арқылы өтетін транзиттік тауарлар;

- жеке тапсырыстар бойынша тек жеке пайдалануға арналған медициналық бұйымдар;

- халықаралық ізгілік көмек көрсетуге арналған тауарлар;

- бөлшек саудада өткізу шеңберінде жеке пайдалану үшін әкелінген және сатып алынған тауарлар;

- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде алынған дәрілер;

- өткізу құқығынсыз көрмелер өткізуге арналған үлгілер;

- зерттеулер мен сынақтар жүргізуге арналған үлгілер;

- денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалып, қолданылған радиофармацевтикалық препараттар;

- мемлекеттік тіркеу кезінде сараптама жүргізуге арналған үлгілер;

- пациенттің немесе оның донордың аутологиялық биоматериалдарын пайдалана отырып қабылданатын, жеке қолдануға арналған алдыңғы қатарлы терапия дәрілері;

- ЕАЭО кедендік аумағына келген көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер;

- халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер;

- Қазақстан тауар өндірушілері өндірген, оларға қатысты тыйым салынған «СТ-1» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатпен сүйемелденетін дәрі-дәрмектер.

Құжат көпшіліктің талқылауына 6 сәуірге дейін ұсынылмақ. Жобаның мәтінімен мына жерден танысуға болады.