«Қазақстан дауысы» ән жобасының тәлімгерлері жаңа маусым жайлы ойларымен бөлісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан дауысы» ұлттық ән жобасының қазылары мен тәлімгерлері шоудың екінші маусымында өзгерген жоқ. Олар - танымал әншілер Нұрлан Албан, Медеу Арынбаев, Мәдина Сәдуақасова және Алмас Кішкенбаев. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының баспасөз хатшысы Рауан Есқали хабарлады.
Шоудың тағы бір ерекшелігі - тәлімгерлер үміткерлерге сын айтып, ескерту жасамайды. Өз қамқорлығына алған топтағы әншілермен жеңіске жету жолында тығыз байланыс орнатып, жұмыс істейді. Кәсіби шеберлігін шыңдауға көмектеседі. Тәлімгерлер бұл кезеңде өз тобында іштей іріктеу өткізеді. Екі әнші бір әнді қатар айтып өзара сайысқа түседі. Жолы болған үміткер келесі кезеңге өтеді. Жартылай финалда қатысушылар тікелей эфирде өнер көрсетеді. Бұл кезеңде үміткерлердің кейбірін көрермен СМС дауыс беру арқылы жобада қалдыра алады. Бірқатары тәлімгердің қалауы бойынша келесі кезеңге өтеді. Қалған өнерпаздар өзара сайысқа түседі. Ақтық сында әр топтан бір бір үміткерден іріктеліп, бас жүлде үшін бақ сынайды. Олардың біреуі ғана «Қазақстан дауысы» иесі атанады.
Жаңа маусым қарсаңында біз эстрада әншілеріне «Қазақстан дауысы» жобасына тәлімгер ретінде қандай баға бересіз?» және «Жобаның жаңа маусымынан не күтесіз?» деген екі сұрақ жолдаған едік.
«Бұл жобаны музыканы жан-тәнімен сүйетін, музыкалық сауаты бар, осы бағытта жұмыс істей алатын, тәжірибесі мол мамандар жасап жатыр. Сондықтан «Қазақстан дауысы» тележобасының деңгейі жоғары. Дәл осындай бағдарлама қазақ телевизия тарихында бұрын-соңды болмаған», - дейді Нұрлан Албан.
Екніші сауалға ол: «Өздеріңіз білесіздер, былтыр менің тобымда өнер көрсеткен Шахаризат Сейдахмет жеңіске жетіп, үмітімді ақтады. Биыл да осы межеден көріну үшін бұрынғыдан да көбірек еңбек етуіме тура келеді. Жаңа маусымда да жас дарындардан топ жасақтап, тағы бір таланттың бағын ашқым келеді», - деп жауап берді.
Ал Алмас Кішкенбаев: «Шетелде жасалған «Дауыс» атты тележобаны ғаламтордан көргенімде осындай бағдарлама Қазақстанда да дайындалса екен деп армандап едім. «Қазақстан дауысы» бізде түсірілетінін естігенімде, әрі оған тәлімгер ретінде мені шақырғанда қатты қуандым. Мұндай сапалы, музыкалық үлкен бағдарламаға қатысудың өзі әрбір әнші үшін мәртебе», дей келе: «Бірінші маусым аяқталғаннан кейін арада жарты жылдан астам уақыт өтті. Менің тобымдағы әншілер бірінші орынның тұғырынан көрінбегенімен, дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Жаңа маусымда нағыз дарын иесін таңдаймын немесе олар мені таңдайды деп үміттенемін. Елімізде жас таланттар көп. Солардың биікке көтеріліп, сахнадан өз орнын табуына септігім тиіп жатса, ойымның орындалғаны деп білемін»,- деп түйіндеді ойын.
Сондай-ақ Мадина Сәдуақасова «Бағдарламаның біздің елімізде әншіге де, көрерменге де қызық болғанын әрі осындай жобаның керек екенін бірінші маусымда байкадық. Жоба нағыз талантарды танытуға мүмкіндік береді. Сондай дарын иелерін таңдап алып, олармен бірге жұмыс істеу, дауыстарына лайықты әндерді сұрыптай білу үлкен жауапкершілік жүктейді. Жобаға ең жоғары, «бес» деген баға беремін. Жаңа мауысымда менің тобымдағы әншілердің бірі «Қазақстан дауысы» атанса екен деп тілеймін», - деді.
«Көптің көңілінен шыққан жобаның жалғасын тапқанына қуаныштымын. Осындай халықаралық жоба бізге керек. Ал ұйымдастырылу деңгейіне келетін болсақ, өзге елде өтіп жатқан «Дауыс» бағдарламаларынан еш кем емес. Өйткені, жобаға шақырылған дыбыс режиссері, жарық берушілер, операторлар, продюсерлер, қоюшы режиссер, барлығы да кәсіби мамандар, қорыта айтқанда, мықты команда жасақталған. Әдемі, ашық дауыс бір ғана адамның меншігі емес, ол халықтың байлығы. Кең тынысты, жағымды қазақы үн тыңдарманның құлағына жетуі тиіс. Сондықтан қазақтың талантты ұл-қыздарын «Қазақстан дауысына» қатысуға шақырамын», - деді әнші Медеу Арынбаев.