Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблеясы 81-сессиясының ашылуына қатысып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының Жоғары деңгейдегі апталығына қатыс. Биылғы сып жатыр.
Сессияның тақырыбы - «Сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару: барша үшін әрекет ететін БҰҰ». Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бар.
ҚР делегациясының басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы саяси пікірталасы аясында сөз сөйлеп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты Қазақстанның ұстанымы мен көпжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі көзқарасын таныстырады. Жаһандық өзгерістер жағдайындағы жасампаз даму тақырыбына, оның ішінде Қазақстанның экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, волонтерлікті ілгерілету, заң үстемдігі мен ынтымақтастықты, сондай-ақ қоғамдық бірлікті нығайту тәжірибесіне ерекше назар аударылады. Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, жоғары деңгейдегі апталық аясында БҰҰ басшылығымен және агенттіктерінің жетекшілерімен, ЕҚЫҰ, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің басшылығымен және т.б. кездесулер өтеді. Бағдарламада сондай-ақ Армения, Әзербайжан, Мажарстан, Иордания, Канада, Кипр, Кувейт, Молдова, Польша, Ресей, Словения, Украина, Швейцария, Эль-Сальвадор және басқа да елдердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
Делегация сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) және Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің, теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттердің министрлік кездесулеріне, БҰҰ Өркениеттер альянсының Достар тобының отырысына, сондай-ақ транзиттік-көліктік ынтымақтастық пен инвестициялар, экология және цифрландыру мәселелеріне арналған тақырыптық қосалқы іс-шараларға қатысады.
БҰҰ БА-ның жаңа сессиясы барысында Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік, орнықты даму, ядролық қарусыздану және таратпау, су және экологиялық күн тәртібі, адам құқықтары, жасанды интеллект және цифрлық ынтымақтастық салаларындағы, сондай-ақ жаһандық ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған басымдықтарын ілгерілетуді жалғастырады.
БҰҰ аясындағы Қазақстанның басым бастамаларының қатарында Су жөніндегі халықаралық ұйым мен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру мәселелері бар екенін атап өткен жөн.
Қазақстан БҰҰ-ның 1947 жылғы мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қосылғанын жазған едік.