Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіндегі әлемдік бәсекелестік ранкингінде 17 орынға алға жылжыды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан бала өлімі көрсеткішінің азаюына байланысты әлемдік экономикалық бәсекелестік ранкингінде 17 орынға алға жылжыды. Бұл туралы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович Алматыдағы перинаталогия мен балалар кардиохирургиясы орталығына сапары барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл көрсеткішке жету тек денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге байланысты болып отыр.
«Қазақстан бала өлімі көрсеткішінің азаюына байланысты 17 орынға алға жылжыды. Бұл ақпаратты Давос Экономикалық форумынан естідіңіздер. 2012 жылғы нәтиже бойынша Қазақстанда мың адамға шаққанда бала өлімі көрсеткіші 16,7-ні құрады. 2013 жылғы көрсеткіш одан да жақсы екендігіне сенімім мол», - деді Мелита Вуйнович.
Маманның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан медицинасында жүзеге асқан жұмыстар көп мәселенің шешімі табуға септігін тигізді. Өткен жылы ДСҰ Қазақстандағы бала өлімін зерттеу мақсатында арнайы халықаралық топ құрылған болатын.
«Астанада құрылған топ қазақстандықтардың өмір сүруі, некелесуі бойынша медициналық статистика жасады. Біз сондай-ақ, Ұлттық статистика агенттігінен де мәлімет алдық. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша Қазақстанда бала өлімі көрсеткіші төмендеген деген пікірге келдік»,- деді ол.
Мелита Вуйнович Қазақстанның барлық өңірлерінде әйелдерді босандыру ДДСҰ талаптары мен технологияларына сай жүзеге асатынын атап өтті.
«Бізге Нью-Йорктан, Женевадан, Гарвардтан сарапшылар келді. Оларға осындағы салмағы 1 келіге толмайтын шақалақтар адам қатарына қосылып кетеді десек, ешкім сенбейді. Шын мәнінде, Қазақстанның көрсеткіші Швециядағы көрсеткішпен барабар»,- деді М.Вуйнович.