Қазақстан дипломатиядағы медиатор рөліне қайта оралатын сияқты – саясаттанушы

 Қазақстан дипломатиядағы медиатор рөліне қайта оралатын сияқты – саясаттанушы
Фото: Стратегиялық зерттеулер институты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары кезінде  аймақтағы геосаяси ахуал туралы білдірген пікірі Қазақстан дипломатиясы ара ағайындық ұстанымынан айнымайтынын көрсеткен. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен осындай пайым айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Қазақстан дипломатиядағы ара ағайын\медиатор рөліне қайта оралатын сияқты. Германиядағы сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей-Украина шиеленісін шешудің қандай да бір жолын ұсынып жатқан елдердің немесе мемлекеттер тобының талпынысын қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды», - дейді сарапшы.

Саясаттанушы кез келген халықаралық шиеленістің нүктесі дипломатиялық келіссөзде қойылатынын еске салды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Мәскеу де, Киев те келіссөздерге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірге белгісіз. Келіссөзге негіз табу үшін тараптарға «бір-бірін айыптауды доғарып, іске татымды келіссөз жүргізу керек». Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, «парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туып келеді», - дейді Дәурен Әбен.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен келіссөздерден кейін тілшілермен өткен баспасөз мәслихатында Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.

Соңғы жаңалықтар