Қазақстан «Doing Business» рейтингінің электрмен жабдықтау бағытында көрсеткішін жақсартты
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан «Doing Business» рейтингінің электрмен жабдықтау бағытында көрсеткішін жақсартты. Бұл туралы өңірлік Кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда Атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша департамент директоры Марат Үлеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, жиын кәсіпкерлік нысандарын электрмен қамту желілеріне қосу үдерістері мен заңнама ережелерін түсіндіруге арналған болатын.
«Дүниежүзілік банктің «Doing Business» халықаралық рейтингінде «Электрмен жабдықтау жүйесі желілеріне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан 75-орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, нақтырақ айтқанда 25 сатыға көтерілген. Мұндай оң нәтижелерді электр энергетикасы саласындағы заңдарға енгізілген өзгертулермен байланыстыруға болады. Жалпы елімізде кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше жағдай жасалуда. «Doing Business» халықаралық рейтингінде Қазақстан барлық көрсеткіштерді қоса алғанда 190 елдің ішінен 35-ші орынды иеленді», - деді Мұрат Үлеков.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік кедергілерін жою мақсатында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау желілеріне қосу барысында кәсіпкер үшін рұқсат беру процедурасының екеуі алынып тасталған. Бұдан бөлек, жүйеге қосылуға қажет техникалық талаптарды беру мерзімі мен электрмен жабдықтау мекемесі және тұтынушы арасындағы жобаға қатысты шешім қабылдау мерзімі қысқартылған.
«Сонымен бірге, қазіргі таңда бар-жоғы үш күннің ішінде, энергияны жеткізуші жабдықтаушы мекемемен жобалық шешімдерді мақұлдауға және электр энергиясын жеткізу туралы келісімшартқа отыруға болады. Бұған дейін, аталған процедуралардың барлығы 20 күннен 7 күнге дейінгі аралықты қамтыған еді. Сол сияқты электр желілеріне қосылуға рұқсат беру талабы алынып тасталды. Оны бұған дейін мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау органы беріп келген еді», деді департамент басшысы.