«Қазақстан долларға тәуелділіктен үш айда арыла ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 маусым, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Зорлық-зомбылыққа толы қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарының, оның тигізген залал-зардаптарының тарих парағынан өшпесі хақ. Ал ұлт тарихындағы осынау қасіретті де нәубетті кезеңге арнап ескерткіш орнату - тоталитарлық саясаттың құрығына ілініп, аштық қырғынының құрбанына айналғандардың рухына деген құрмет пен тағзымның бір белгісі іспетті. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада бой көтерген «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін ашты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мәңгілікке тағзым» деген тақырыппен мақала басылды. Жарияланымда алқалы жиын алдында сөз сөйлеген Елбасының: «Ашаршылық жылдары кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің, тоталитарлық саясаттың қолдан жасаған зұлматы еді. Ашаршылықтың алдындағы ұйымдастыру науқандары талай дәуірден қалтқысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаңырағын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Мұндай нәубетті қазақ ешуақытта басынан кешірген жоқ. Сондықтан да біз Астананың қақ төрінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатып отырмыз», - деген сөзі келтірілген.
22-24 мамыр аралығында өткен V Астана экономикалық форумы шеңберінде болашақ энергиясы жөнінде ғылыми конгресс ұйымдастырылып, онда баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. «Болашақ энергиясы» - Қазақстанның Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге ұсынып отырған тақырыбы. Осы орайда «Егемен Қазақстан» Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Шағын және орта бизнес иелері үшін Астанадағы EXPO-2017 көрмесін өткізу жаңа энергия сақтау технологиялармен танысуға және кейіннен оларды енгізуге, инвесторлар мен бизнесті одан әрі дамытуға идеялар іздеу үшін тамаша мүмкіндік бола алады», - дейді. Сұхбат «Беделді биіктететін бастама» деген тақырыппен жарияланған.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Білім және ғылым миинстрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағайымы Раиса Шермен арадағы сұхбат «Ең басты парызымыз - баланың құқығы мен еркіндігін сақтаудағы жауапкершілікті күшейту» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Қазақстанда 149043 бала - мүмкіндігі шектеулілер қатарында. Оның 41741-і - мектепке дейінгі жастағылар. Білім беру жүйесі саласында оларды оқытатын 102 түзету мектебі, жалпы білім беру мектептерінде 1155 арнайы сынып, 20 бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, 21 мың мүмкіндігі шектеулі бала бүгінгі күні өз қатарластарының қасында білім алуда», - дейді.
«Қазақстан долларға тәуелділіктен үш айда арыла ала ма?». «Алаш айнасы» газетінде осы тақырыппен мақалада өткен аптаның ең айшықты һәм аса маңызды оқиғаларының бірі V Астана экономикалық форумы аясында өткен әлемдік валюта мәселесіне арналған панельдік сессияда бізге, яғни Қазақстанға, өндіріп жатқан мұнайымызды шетелге долларға емес, теңгеге сату ұсынылғандығы жазылған. Астана экономикалық форумына қатысқан экономист Генри Льюдің сөзіне сенсек, мұнайды теңгемен бағалап, теңгеге сату арқылы қазақтың төл ақшасын әп-сәтте халықаралық валюта деңгейіне шығаруға болады. «Қазақстан үшін мұны үш айда істеуге болады. Тек ең бастысы - қазақстандық үкімет мұнай сатқанда теңгемен есеп айырысуға көшуге шешім қабылдауы қажет», дейді экономист Генри Лью.
***
«Бейсенбіге қараған тқүні, таңғы сағат 3,20-да жерасты дүмпуінен оянған Алматы тұрғындарының біразы дүрлігіп, көшеге шығып кетті. бірақ олар күткендей зілзала қайталанған жоқ», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Азия сілкініп жатыр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жер дүмпуінің ошағы Алматыдан 148 шақырым жердегі Торайғыр жотасындағы Көкпек елді мекеніне жақын жерде, 20 шақырым тереңдікте болған. Алматыда күші 4-5 балдық жер сілкінісі түнгі сағат 03,20-да тіркелген.
Қазақстандық көріпкел, «Битвы экстрансенсов» байқауының финалисткасы Бақыт Жұматова шекарашылардың өлімін қастандыққа жорып, қанішерлердің қайда тығылғандығын да жобалап көрсетіп берген. «Эксперсс-К» газетінің жазуынша, ол оқиғаның теракт екендігін, қылмыскерлер шекара асып келмегендігін, олардың барлығы да Қазақстан азаматтары екендігін айтқан. «Барлығы да кешкі сағат 10-12-лерде орын алды. Кешенің өзінде мен сағат бестердің шамасында түсініксіз қорқыныш сезімді бастан өткердім. Бұл қылмысты жасағандар қазіргі уақытта таудан түіп кетті. Қазіргі уақытта қылмыскерлер Өскемен қаласында. Мен шекарашылар арасында сатқынның болғанын көріп отырмын», - депті көріпкел.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінде оқылған БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның құттықтауы үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры форумның табысты өткеніне тоқталып, жаһандық тұрақтылықтың сақталуы үшін дінаралық үнқатысуды орнықтыру маңызды екенін атап өтті.