Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін сауда кезіндегі дискриминациялық кедергілерден құтылады
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін ұйымға мүше елдердегі сауда кезіндегі дискриминациялық жағдайдан құтылады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты. ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі еліміздің жүктерін тасымалдау ахуалына тоқталған ол, «біздің болжам бойынша ДСҰ- ға мүше мемлекеттердің нарықтары біз үшін қолжетімді болады. Атап айтқанда сауда кезінде біздің тарапымызға дискриминациялық жағдайлар қолданылмайтын болады. Сонымен қатар бұл осы мемлекеттердің аумағымен біздің тауарларды тасымалдау талаптарына да қатысты»,- деді ол. Осы орайда ол Қазақстанның аталған ұйымға қосылуы бойынша белсенді келіссөздер көп жылдардан бері жүріп жатқандығын және бұның үдерісі аяқталуға жақындағанын сөз етті. Айта кетейік, ұйымға кірудің келіссөздері бірнеше бағыттарда жүруде. «Бұл тауарлар мен қызметтер, ауыл шаруашылығы және жүйелік мәселелер тұрғысындағы екіжақты келіссөздер. Бүгінде тауарлар мен қызметтер, жүйелік мәселелер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша келіссөздер аяқталып қалды. Енді ДСҰ-ға Қазақстанның қосылуы кезіндегі тарифтік үйлесімділікке және жергілікті қамтуға байланысты екі мәселе қалды. Бұл шаралар да аяқталуға жақындады. Біздің пайымымызша, биыл келіссөздерді тәмамдап, ДСҰ-ға енуге барлық мүмкіндіктері бар», - деп түйді вице-министр.