Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен $8 млрд-тан астам сомаға қанша жобаны жүзеге асырды

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

к
Фото: Үкімет

Тараптар ағымдағы экономикалық жағдайды, реформалардың одан арғы бағыттарын, инфрақұрылымды дамытуды және ынтымақтастық перспективасын талқылады.

Кездесуді ашқан Серік Жұманғарин Қазақстанның Дүниежүзілік банк тобымен әріптестігінің стратегиялық сипатын атап өтті. Ынтымақтастықтың 33 жылы ішінде банктің қолдауымен көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технология және цифрландыру саласында жалпы сомасы $8 млрд-тан асатын қаржыға 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Абебе Адугна Қазақстан экономикасының өсу мен инвестициялық белсенділіктегі оң динамикасын атап өтті.

Кездесудің едәуір бөлігі инфрақұрылымды дамытуға және оны қаржыландыру тетіктеріне арналды. Дүниежүзілік банк өкілдері инфрақұрылымдық инвестицияларды олардың тиімділігін арттыратын және өнімділік пен инновацияның өсуіне жағдай жасайтын институционалдық және реттеуші реформалармен сүйемелдеу маңызды екенін атап өтті.

Серік Жұманғарин Қазақстан инфрақұрылымды дамытуды тек ішкі қажеттілік тұрғысынан ғана емес, аймақтық контексте де қарастырып отырғанын айтты. Сөз Орталық Азияны басқа аймақтармен байланыстыратын көлік бағыттарын одан әрі дамыту туралы.

– Қазақстанның инфрақұрылымы – Орталық Азияның ірі бірыңғай инфрақұрылымдық тізбегін құрудағы алғашқы қадам ғана. Сөз тек біздің ішкі жолдарымыз бен теміржолдарды жақсарту туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жолдардың барлығы біз үшін және көрші елдер үшін тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Дүниежүзілік банк халықаралық тәжірибені ескере отырып, инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктері бойынша қазақстандық тараппен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Айта кетейік, қазіргі қаржы жүйесіне геосаяси ахуал мен технологияның қарқынды дамуы көп ықпал етіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Astana Finance Days 2026 аясында айтты.