Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионатында 4 медаль иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Ольбия қаласында өтіп жатқан дзюдодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт медальға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Әлем чемпионатының алғашқы күнінде сынға түскен татами шеберлері арасында екі қазақстандық дзюдошы жеңіс тұғырынан көрініп, бір күміс және бір қола медальға қол жеткізді.

М7 категориясы бойынша 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ардагер балуанымыз Нұрлан Жарашуев финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді, тек ақтық сында канадалық Поланд Ангустан айласын асыра алмады.

М8 категориясында 90 келіге дейінгі салмақта бағын сынаған отандасымыз Анатолий Веклич қола медаль үшін белдескен жұбаныш белдесуінде украиналық Олександр Носеньконы иппонмен жеңіп, қола медальді қанжығалады.

Әлем чемпионатының екінші күнінде қазақстандықтар медальсіз қалған жоқ. М3 категориясы бойынша 90 келіге дейінгі салмақта Денис Коробков пен осы салмақ дәрежесінде белдескен Дәурен Мұқышев қоржынға қос қола медаль салды.

Естеріңізге сала кетсек, Италияның Ольбия қаласында өтіп жатқан дзюдодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты 3 қазанға дейін жалғасады.

 

Соңғы жаңалықтар