Қазақстан ЕАЭО елдерімен шекараға 32 бақылау пунктін орнатады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға 32 бақылау пунктін орнатады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміздің ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтерінің белсенді жұмысының арқасында басқа елдердің тізілімдеріне барлығы 2557 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ тізілімінде 2212 отандық кәсіпорын енгенін тағы да атап өту маңызды. Ресейдегі алдын ала хабарлау пунктері секілді Қазақстан ағымдағы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау пунктін орнатуда», - деді С.Омаров.
Оның айтуынша, әрбір бақылау пункті Қазақстанның басқа да қызметтерімен және шекаралас Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осыған ұқсас қызметтерімен өзара ақпараттық іс-қимыл жасасу үшін техникалық жарақтандырылған. Сондай-ақ әрбір бақылау бекетінде экспресс-талдау жүргізуге арналған жылжымалы зертхана және кері қайтаруға мүмкін емес, ел аумағын залалдау қаупі жоғары аса қауіпті жүктерді жоюға арналған қазіргі заманғы пеш (инсениратор) бар.
«Аталған пунктерде тауарлардың келіп-кетуіне бақылау жүргізу басқа да мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жүргізуін қажет етеді. Мәселен, шекарашылар мен кеденшілерден тауарлардың шекара арқылы өткені туралы шұғыл ақпаратты бақылау пунктеріне жеткізу, Ішкі істер департаментінің автоинспекторларынан және Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекторларынан көлік құралдарын тоқтату және құжаттарын тексеру, қажет болған жағдайда, кері қайтарылатын жүктерді шекараға дейін алып жүру бойынша жәрдем қажет болады. Бұл тауарлардың импорты мен транзитін тиімді бақылауға, ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі талаптарына, сондай-ақ техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол бермеуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Министрдің пайымынша, мұндай жұмысты жүргізудің маңызды екеніне барлық бақылау-қадағалау органдары, оның ішінде Бас прокуратура да түсіністікпен қарауы тиіс.
«Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен ветеринариялық және фитосанитариялық саламаттылықты қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істеу маңызды», - деді ол.